Роботтар қазақша сөйлей ме?
Роботтар қазақша сөйлей ме?
Марс Мавлетұлы – Орал қаласында орналасқан Батыс Қазақстан облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығындағы «Робототехника» үйірмесінің жетекшісі. Алғаш рет Қазақстанда қазақтың ұлттық ойындарын
робототехника тілімен сөйлеткен жас маман. Қазір бұл салаға мектеп оқушыларының қызығушылығы жоғары. Сол себепті кейіпкеріміздің əңгімесінен біраз оқырман көкейіндегі сауалдарға жауап табады деген ойдамыз.Робототехниканы бастаған кезімде өзімде ешқандай қызығушылық болмады. Бірақ оқушыларда ынта да, үйренуге деген талпыныс та мықты болды. Ұстаз ретінде оқушылардың талабына жауап беру үшін көбірек ізденіп, жұмыс
істеу керек екенін түсіндім. Күнде сабақтан соң кабинетте қалып, өз-өзімді жетілдіру мақсатында іздене бастадым. Мені осы салаға дайындаған ұстазым Бақытжан Мəуленов ағай: «Белгілі бір жетістікке жету үшін қолыңда барды
аяма», – дейтін. Осы сөзді əркез санамда ұстап, сапалы дүние жасауға тырыстым. Математика пəнінен сабақ беретін болған соң, бұл салаға сіңісіп кету аса қиынға соқпады. «Математика – ғылымдардың патшасы» деген рас. Уақыт, ізденіс, математика мені робототехника саласында үздік болуға итермеледі, – деп
бастады əңгімесін кейіпкеріміз.Еңбек жолын Тасқала ауданындағы «Сəулет» мектеп-лицейінде математика пəнінің мұғалімі болып бастаған Марс ағай бұл салаға аяқ астынан келген. «Жұмыста жүргенімде Бақытжан ағайдың оқушыларымен бір кабинетте отырып алып, роботтарды шұқылап жататынын көретінмін. Күннен-күнге мен де қызыға бастадым. Келесі оқу жылында робототехникадан сабақ беретін ағай ауданға
басшылық қызметке ауысып кетті. Маған робототехниканың қыр-сырын үйрете отырып, өз орнын табыстады. Бүгінде сол орында абыройлы қызмет жасауға тырысып жатырмын», – дейді.– Балалардың қызығушылығы əлі де жоғары ма?
– Өте жоғары. Оқушылар роботты дайындап, өзі құрастырған бағдарламамен роботының əрекет еткенін көргенде ерекше əсерде болады. Жасаған жұмысының жемісін көреді. Бүгінде біздің орталықта 100 шақты оқушы осы салада өздерін дамытып жатыр.
Ең алғашқы жарысымыз – WRO (Бүкілəлемдік робототехника олимпиадасы). Ол кезде, өкінішке қарай, орын бұйырмады. Бірақ сол кезден бастап оқушылармен бірге өзімізді қайрап, шыңдала беру мақсатында көбірек жарысқа қатысуды мақсат еттік. Байқоңырда өткен халықаралық «Ғылым əлемін ашамыз» байқауына бардық. Қарағандыға өткен IV Халықаралық робототехника, программалау жəне инновациялық технологиялар фестивалінде, «RoboLand-2018» байқауында оқушыларым жүлделі орындар иеленіп, арасында тегін оқу грантын жеңіп алғандар болды. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Польша елдерінің оқушыларымен біздің балалар бір алаңда бас қосты. Тағы бір айта кететін жайт, Шымкент қаласында өткен халықаралық жарысты ұйымдастырушылар оқушым екеумізді төрешілікке шақырды. Сол кезде оқушым бар болғаны 9-сыныпта оқитын. Осы саладағы жұмысты екеуміз бірге бастаған едік. Бүгінде бірге жетістікке жетіп келеміз.
Алғаш рет оқушым екеуміз бойы 80 сантиметр ғана болатын, есеп шығаратын бала робот жасап шығардық. Робот адаммен қазақша амандасады, көрсеткен түсіңізге байланысты көбейту кестесін айту, түбір астын табу секілді тапсырманы орындайды. Қазіргі кезде мектептерде қолданып жүрген EV3 LEGO Mindstorms роботының мүмкіндігі шектеулі. Сол роботтың мүмкіндіктерін ескере отырып, өз жұмысымызды одан əрі дамыттық.
Марс ағайдың айтуынша, мемлекеттің қолдауымен мектептерге «Lego EV3 mindstorms» білім беру роботтары алынып жатыр. Сондай-ақ, əр өңірде IT сыныптар ашылып, мектеп əдістемесіне еніп, робототехника саласының аясы
кеңейіп жатқанға ұқсайды. Бұл саланы дамыту мүмкіндігі еліміздің барлық қаласында жақсы деңгейде екен.– Робототехника саласының басқа ғылымдардан ерекшелігі қандай?
– Робототехника саласына ену үшін бір емес, бірнеше пəннен негізгі білім қажет. Атап айтсақ, математика, информатика, физика, химия, биология пəндерін жетік білу керек. Робототехникадан бағдарлама жасау үшін компьютерлік сауаттылық та керек. Ал бағдарламаны универсал етіп құру үшін формуланы ойлап тауып, есептеп шығару қажет, бұл ретте математиканың маңызы зор. Тек спорттық бағыттағы жарыста емес, ғылыми бағытта пайдаланған кезде, биология, химия пəндерінен білім қажет болады. Роботтың үйкелісі, салмағы, тартылыс күші, мотордың дұрыс орналасуы физикадан сауатыңызды сынайды. Робототехника деген – барлық саланың жиынтығы.
Робоқызқуу, робоарқан тарту, робоақсүйек
– Ұлттық ойындарды робототехникаға енгізіп, Қазақстан деңгейінде алғашқылардың бірі болып «NatRoboCom-2019» ұлттық робототехника жарысын ұйымдастырдыңыз. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз.
– Қазақстанда роботтар арасында «Сумо» категориясы бойынша спорт жарысы бар. Екі роботтың бір-бірімен тіресіп, қарсыласын алаңның сыртына ығыстырып шығарып тастауы. Осы категориямен айналысып жүрген уақытта маған бір ой келді. Робот қазақша сөйлей ме? Бірақ біраз уақыт нақты жауап таба алмадым. Шетелдіктер шығарған соң, қазақша сөйлейді деген ой сенімсіздеу көрінді. Қазіргі кезде мектептерде қолданып жүрген EV 3 LEGO Mindstorms роботының мүмкіндігі шектеулі дедім ғой. Сол роботтың мүмкіндіктерін ескере отырып, жұмысымызды одан əрі дамыттық. Көлемін үлкейтіп, ұлттық ою-өрнегі бар, қазақы нақышпен «Ақтоты» атты робот жасап шығардық. Осы кезде сұрағыма жауап тапқандай болдым. Мектеп қабырғасында қарапайым асық ату білмейтін, ұлттық ойындардан хабарсыз оқушыларымыз бар. Олай болса, неге оны ойын ретінде дүниеге əкелмеске? Осы бағытта алғаш рет наурыздың 4-і күні Орал қаласында жарыс ұйымдастырылды. Робоқыз қуу, робоарқан тарту, робоақсүйек категориясы бойынша өткізілді. Бұл бағдарламаны іске асыру кезінде қиын болған дүние – ұлттық мазмұнын жойып алмау. Алғаш ұйымдастырылған соң біраз қателік болды. Кейінгі жұмыстарымызға сабақ аламыз деп ойлаймын.
EV3 LEGO Mindstorms құрылғысының бірнеше қосымшасы бар. Біріншісі – Ультрадыбыс қосымшасы, яғни алдындағы кедергіні дыбыс арқылы 3 сантиметрден 255 сантиметрге дейін көруге арналған. 3 см төмен кедергіге жақындаса, объектіні нақты ажырата алмай қалады.
Екіншісі – түс қосымшасы, негізі ақ пен қара түсті жақсы таниды. Басқа түстерді де анықтай алады, бірақ қателесу ықтималдығы жоғары. Сонымен бірге бөлменің жарықтығын да анықтайды. Үшіншісі – жанасу қосымшасы, бұл айырып/қосу тетігі арқылы басқарылады.Төртіншісі – еңіс қосымшасы, көлденең жəне тіке бағыттағы (көлденең жəне тік) градустарды анықтайды. Роботтың қозғалыс
бағытын, бұрылысын бақылайды.Бесіншісі – мотор қосымшасы. Мотордың жұмыс барысында айналым санын есептейді.– «Есеп шығаратын бала робот» нарыққа шыға ма? Барлық балаға қолжетімді
болуға мүмкіндігі бар ма?– Бұл роботты практикалық түрде қолданысқа шығарсам, əрине, үлкен қуаныш болар еді. Біз ол роботты қолда бар материалдардан жəне EV3 платформасының мүмкіндігі бойынша жасадық. Алдағы уақытта сол роботты мүмкіндігі жоғары платформаға көшіріп, мүмкіндігін арттырсам деймін. Дүкенге сатылымға шығару үшін көп жұмыс керек. Сыртқы дизайннан бастап роботтың мүмкіндігіне дейін.
– Роботтар белгілі бір базаның шеңберінде жұмыс істей ме?
– Қазіргі таңда кез келген робот белгілі бір база бойынша жұмыс істейді. Базаның
қаншалықты ауқымды болатыны ол роботқа қолданған платформаға байланысты.– Есеп шығаратын робот оқушының математикалық қабілетін шектемей ме?
– Есеп шығаруда көмектесетін құралдар əлдеқашан шыққан қарапайым калькулятордан бастап, телефондағы қосымшаларда да бар. Сондықтан біздің робот оқушыны шектейді деп ойламаймын.
– Бұл сала сізге не берді? Сіз не бере алдыңыз?
– Бұл сала маған ізденіс пен талмай еңбектенсең, оның далаға кетпейтінін көрсетті. Бұл сала маған бала кезімізде теледидардан роботты көргенде таңғала қарайтын жұмбақ саламен танысуыма мүмкіндік берді. Бір орында тоқтап қалуға болмайтынын көрсетті, себебі қазір – жаңа технологиялар заманы. Бүгін үйренген жаңа нəрсең ертең ескі болуы мүмкін. Мен не бере алдым?.. Аз да болса, елге пайдалы із қалдырғым келеді. Осы мақсатта ұлттық ойындарды робототехникаға енгізу менің алғашқы қадамым болып отыр. Алла сəтін салса, алда осы сала арқылы ана тілімізді əлемдікдеңгейде көрсеткім келеді.
– Робототехника саласын үш сөзбен сипаттап беріңізші…
– Логика, Алгоритм жəне Инновация.
– Əңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға тың идеялар мен талпыныс тілейміз.
Əңгімелескен
Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті
Толығырақ бастапқы дереккөзде:http://zhasorken.kz/?p=28986