ХХІ ғасыр – робототехниканын заманы
Жаңа технологиялардың қарқынды дамуы өскелең ұрпақты жоғары білікті техникалық сала мамандары ретінде даярлауды талап етеді. Сол себептен де біздің қаламызда бұл бағыттағы жұмыстар жақсы жолға қойылып, жас өнертапқыштар өз өнертабыстарын жасап шығаруға мүмкіндік алған. Бүгін солар жайында әңгіме өрбітеміз. №9 ОМ-нің 8-ші сынып оқушысы Данияр Серіковтың робототехникаға деген қызығушылығы осы оқу жылынан бастау алған. Бұл үйірмеге келіп жүргеніне 2 айдың шамасында болғанына қарамастан ол осы аралықта бірнеше роботтарды жасаған. Оған бүгінде арнайы көліктерді құрастыру да мүмкін болып отыр. Робототехника ғылымы өз бастауын XX ғасырдан алады. Бұл ұғым ең алғашқы рет ғылыми-фантастикалық мәнер жазушысы Айзек Азимовтың «Жалғаншы» әңгімесінде қолданылған. Ал алғашқы толықтай автономды роботтар XX ғасырдың екінші жартысында ғана пайда болған. Ендігі кезекте жаңа заманауи технология уақытында дәл осы роботтар мен электронды құрылғылар адам өмірінің маңызды бөлігіне айналып келуде. Сол себептен де болар, жастарымыздың робототехникаға деген қызығушылығы арта түскен. Олар бұл саланы жан-жақты зерттеп, арнайы ғарыш әлеміне де саяхат жасап жүр. Өскенде инженер құрылысшы болуды мақсат тұтқан Данияр білікті маман болу үшін жаңа технологияның қыр-сырын бүгіннен бастап үйренуде. Кейіпкеріміз «Ақылды үйдің» құрылысын ерекше етіп жасауды және қоғамға пайда әкелер робот құрастыруды армандайды. Есейгенде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жасанды дене мүшелерін жасауды армандайтын Константин бар болғаны 9 жаста. Ал оның робототехникаға деген қызығушылығы бірнеше сайыстардан арта түсіп, шеберлігін шыңдауға сеп болған. Заман талабына сай робототехника саласы ҚР білім беру жүйесіне еңгізіліп жатқан жаңа бағыттардың бірі. Мұндай жаңашылдықтар оқушыларға инженерлік, нұсқаушылық, шығармашылық идеяларды іске асыру және өз әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді дейді мамандар. Робототехника үйірмелерінде оқушылар роботты техниканың негізі Lego Mindstorms және Arduino құрылғыларымен таныса отырып, роботтарды модельдеу және бағдарламалау жұмыстарын құрастыру дағдыларын меңгереді. Қиялдарына ерік беріп, әртүрлі құрылымдарды жасап шығарады. Білім саласына етене еніп келе жатқан робототехника саласына кішкентай жастағы балалардан бастап, жоғары сынып оқушыларының қызығушылығы да арта түсуде. Жастарымыз тек роботтарды жинаумен шектеліп қалмай, 3D модельдеудің қыр-сырымен танысуда. Бұған мүмкіндік қалалық мектеп аралық өндірістік комбинатта жасалған. Өскелең ұрпақты болашақтың технологияларына осы кезден бастап үйрету, оларды электроника әлімімен кеңінен таныстыру бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Себебі жастарымызды жаңашылдықтарға дағдылау арқылы келешектің негізін қалыптастырамыз. Тағы бір айта кетерлігі, 17 қаңтар Дүниежүзілік өнертапқыш-балалар күні. Бұл күн американдық қайраткер, ғалым, өнертапқыш Бенджамин Франклиннің туған күнінің құрметіне орай белгіленген. Ол 12 жасында өзінің ең алғашқы өнертабысы – қолға киілетін, әрі жүзуге арналған желкенді ойлап тапқан екен. Бүгінгі бағдарламамыздың кейіпкерлері де танымал тұлғаның ізін жалғап, тың дүниелерін жасап шығаратынына және осы бағытта еліміздің өркендеуіне сүбелі үлестерін қосатынына сенім білдірейік.