Тайланова Амина Сериккалиевна,
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ «СҚО ПҚ БАИ»
робототехника негіздері бойынша тренері
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керектігі жайлы атап өткен болатын. Осыған орай, «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырды.
Қазіргі заман талабына сай адам іс-әрекетінің барлық салаларында еркін қолданысқа енген ақпараттық технологиялар біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі болып табылады. Ақпараттық технологияларды тиімді қолдану сандық үлгіде көрсетілген әртүрлі ақпараттың түрлерімен жұмыс істеу үдерісін тездетеді және жеңілдетеді. Білім берудің басым бағыттарының бірі оқушылардың компьютерлік сауаттылығын қалыптастыру болып табылады. Компьютерлік сауаттылықты қалыптастыру ғылым, техника, медицина, білім беру және мәдениет саласынына негізгі әсерін тигізуі мүмкін.
Қазіргі уақытта әлемде төртінші технологиялық революция болып жатыр: ақпараттың қарқынды ағыны, жоғары технологиялық инновациялар мен әзірлемелер біздің өміріміздің барлық салаларын өзгертіп жатыр. Қоғам сұранысы да, жеке тұлғаның қызығушылықтары да өзгеріп жатыр.
Егер бұрын қыздар еңбек сабағында алжапқыш тігіп, ал ұл балалар ағашпен немесе металлмен жұмыс істесе, онда қазіргі уақытта бұл жеткіліксіз. Робототехника, құрастыру, бағдарламалау, үлгілеу, 3D-жобалау және тағы басқа – бұның бәрі енді дүниежүзінің қазіргі оқушыларын қызықтырады. Бұл қызығушылықтарды жүзеге асыру үшін анағұрлым күрделі дағдылар мен құзыреттер керек. Білу мен істеу ғана емес, сонымен қатар зерттеу және ойлап шығару маңызды.
Ғылым, математика, технологиялар және инженерия сияқты басты академиялық салаларда бір мезгілде даму керек, оларды STEM (science, technology, engineering and mathematics) деген бір сөзбен біріктіріп атауға болады.
STEM – оқытудың біріктірілген тәсілі, оның шеңберінде академиялық ғылыми-техникалық тұжырымдамалар шынайы өмір контексінде зерттеледі. Бұндай тәсілдің мақсаты – мектеп, қоғам, жұмыс және бүкіл әлем арасында STEM-сауаттылықты дамытуға және әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілікке ықпал ететін нық байланыстарды орнату (Tsupros, 2009).
2017 жылғы 13 қазанында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «СҚО бойынша ПҚ БАИ» информатика, математика, физика мұғалімдеріне арналған «Робототехника негіздері» бағдарламасы бойынша курс аяқталды.
Облыс педагогтарын курстық дайындау барысында робототехниканың даму тарихымен танысып, курс материалы сәтті игерілді. «Робототехника негіздері» курсының тыңдаушылары Lego Mindstorms Education EV3 и Arduino Uno R3 сияқты болашағы зор және актуалды робототехникалық кешендерді қолдана отырып, STEM-ғылымдарының дағдыларын қалыптастыра алды.
Тыңдаушылар бағдаршам, көлік қоятын орын, артқы траектория бойынша қозғалыс, автомобильді парктроник, домофон және т.б. робототехникалық жобаларды модельдеп, бағдарлама жасады және құрылымдады.
«ORLEU Robotics» интерактивті үзілісі осы курстардың басты ерекшелігі болды. «Робототехника негіздері» бағдарламасы бойынша тыңдаушылар тобы филиал ұжымы мен барлық ұстаздарға арнап нағыз STEM-шоу өткізді: 20-дан астам роботтарды жинап, олардың тамаша мүмкіндіктерін барлық жиналған қауымға көрсете алды.
Бұл курстарда «Робототехника негіздері» бағдарламасы бойынша филиал тренерлерімен жасалған «ORLEU Robotics» (www.robot.ipksko.kz) виртуалды зертхана порталы қолданылды. Тыңдаушылар бұл порталдың артықшылығын жоғары бағалады, портал робототехникаға тек ұстаздардың үйренуіне мүмкіндік беріп қоймайды, сонымен қатар, оқушылардың да 24/7 форматында білім алуларына жағдай жасайды.
Мектепте білім беру мақсатындағы робототехникамен айналасу балалардың алгебра, информатика, геометрия, электрлі және механикалық инженерия, физика, жобалау және 3D-модельдеу саласында дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Lego и Arduino білім беру робототехникасының білім беру кешендерінің нәтижелі синтезі оқушылар бойындағы STEM мүмкіндіктерді толық ашуға жағдай жасайды. Осындай нәтижелі синтез филиал қабырғасында өткен «Робототехника негіздері» біліктілікті арттыру курсында жүзеге асты.
Әлемнің басқа мемлекеттерінде математикалық және ғылыми-техникалық білім беруді дамыту жөнінде мемлекеттік бағдарламалар да қабылданды. Мысалы, Малайзияның 2013-2025 жылдарға арналған білімді дамыту жоспары аясында STEM-білім беру реформасы қарастырылды.
Бұл реформаның 1-кезеңі (2013-2015жж.) – куррикулумды жетілдіру, мұғалімдерді даярлау, оқытудың кешенді әдістерін пайдалану арқылы STEM-білім берудің сапасын арттыру;
2-кезең (2016-2020жж.) – қоғамның STEM-дегі хабардарлығын және мүдделілігін БАҚ кампаниялар және серіктестік байланыстар арқылы жоғарылату;
3-кезең (2021-2025жж.) – алғашқы екі кезең бастамаларының сәттілігін бағалау және жаңа бастамалары мен бағдарламалары бар жаңа жол картасын әзірлеу.
Австралияда 2015 жылы STEM-білім беруді мектептерде дамытудың 2016-2026 жылдарға арналған Ұлттық стратегиясы қабылданды (National STEM School Education Strategy). Стратегияда бес басты міндет анықталды:
1) оқушыларды STEM-ге тарту және қызықтыру, қабілетін арттыру;
2) мұғалімдердің әлеуетін және STEM пәндерге оқыту сапасын арттыру;
3) мектептерде STEM-білімін алу мүмкіндіктерін қолдау;
4) ЖОО-мен, бизнеспен және өнеркәсіппен тиімді серіктестік қарым-қатынастарға жәрдемдесу;
5) мықты деректер қорын құру.
Қазақстанда да STEM-білім берудің белсене дамуы басталды. Бұны Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында STEM контекстінде мектептегі білім берудің мазмұнына өту дәлелдейді. Жаңа білім беру саясатын жүзеге асыру үшін оқу бағдарламасына жаңа технологияларды, ғылыми инновацияларды, математикалық үлгілеуді дамытуға бағытталған STEM-элементтерді енгізу жоспарланды.
Осылайша, біздің еліміз дамыған елдермен бірдей бағытта ілгерілеп келеді. STEM-білім беру оқуды және мансапты қосатын көпір болып табылады. Оның тұжырымдамасы балаларды технологиялық тұрғыдан дамыған әлемге дайындайды. Келешектің мамандарына жан-жақты дайындық пен жаратылыстану ғылымдары, инженерия, технологиялар мен математиканың әр түрлі білім беру салаларынан алынған білім керек.