«Білім керуені» жобасының «STEM туралы үздік эссе» байқауының жеңімпаздарымен интервью айдары, қонағымыз - Иманкулова Камшат
-Өзіңізді таныстырып өтсеңіз.Мамандығыңыз қандай?
-Барлықтарыңызға сәлем! Аты-жөнім Иманкулова Камшат, Химиялық инженерия бағытын ҚБТУ бітіріп, қазір сол саланы Назарбаев Университетінде жалғастырудамын, 2 курс магистрант студентімін.
-Сіздің қандай қызығушылықтарыңыз бар?
-Бос уақытымда шығармашылықпен айналысқанды жақсы көремін. Креативті суреттер түсіру, әртүрлі тақырыптар жайында кішігірім жазбалар жазу, кейде екінші инстаграмм аккаунтымда тағамдар рецептісімен бөлісемін, видео түсіремін. Әзірше жазбалар аз, бірақ қызығушылығыңыз болса, жазылсаңыздар болады ;) @tatty_recept
-Болашақ мамандығыңыз бойынша қандай тағы да ізденістерді қолға алып жатырсыз?
-Әзірге тек шет ел ғылым қызметкерлерінің жұмыстарын оқып, диссертация жазу үстіндемін. Одан тыс Digital маркетинг және мобилография бағыттарын меңгеріп жатырмын.
-Өзіңіздің қандай арманыңыз бар? Бізбен бөліссеңіз.
-Маған жазған ұнайды. Қазақ тілінде өзекті тақырыптар төңірегінде қызықты жазбалар жазып, соған өзім өзгеше шағын видеолар түсіріп, қоғамымыздың жақсы жаққа өзгеруіне кішкене болса да септігімді тигізгім келеді.
-Өзіңізді осы байқауға қатысқанда, педагогог рөлінде болғанда, қандай сезімге бөлендіңіз? Қандай жаңалыққа тап болдыңыз? Өзіңізге қандай ойлар келді? Не түйдіңіз?
-Студенттік кезімде химия, математика пәндері бойынша репетитор болып, педагог саласында кішігірім ғана тәжірибе жинағанмын. Сол кезде математика пәніне қарағанда, көп оқушылардың химия пәнінен проблема бар екенін аңғардым. Оқушылар химиялық ұғымдарды жете түсінбей, оның шын өмірге неге керек, қалай қолдану керек деген сияқты ұғымдардан қиындық көреді екен. Сондықтан да бізге STEAM-нің жаңашылдығы өте керек әрі оны орынды деп ойлаймын. Осы эссе жазу барысында қазақ/орыс тілінде бұл тақырып төңірегінде мағлұматтар аз екенін байқадым (сіздердің сайттарыңыздан басқа). Ағылшын мақалаларын оқып, сол сілтемелерге жүгінуге тура келді. Жалпы байқағаным, қазақ тілінде жазылған мақалалар күрделі, түсінуге қиындау, теориялар басым, ал шет тілінде жазылған мақалалар жеңіл тілде жазылып, түрлі-түсті суреттермен безендірілген, ақпаратты визуалды түрде түсіну өте ыңғайлы.
-Педагог болу Сіз үшін қалай боп көрінді? Қандай сезімді бастан кештіңіз?
-Бұл – сабырлылықты қажет ететін өте қиын әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Онымен қоса креативті жан әрі психолог та болу керексің, заманға сай технологияларды дер кезінде меңгеріп, оқу жоспарын жаңартып тұруың қажет. Мұғалімдердің жұмысы зор еңбектеріне сай бағаланса екен деймін.
-Егер педагог болатын болсаңыз, қандай әдістемелік шеберліктерді ұсынар едіңіз?
-Шын өмірден алынған кэйстерді шешіп, көбірек топтық жұмыстар ұйымдастырар едім және апта сайын өткен тақырыптарды қорытындылап, кішігірім квиз ойындарын ұйымдастырып, оқушылардан рефлексия жинау қажет деп есептеймін. Сол арқылы оқушылар не өткендерін, неге бұл тақырып маңызды екенін аз болса да түсініп, анализ жасап үйренер еді деп ойлаймын.
-Қазіргі таңда білім беру жүйесінде қандай жаңалық енгізуші едіңіз?
-Үлкен сынып, мысалы 9 сынып оқушыларынан бастап, жаңа сабақтар енгізу керек деп ойлаймын. Психология, өмірлік мақсат туралы, әртүрлі мамандықтар жайлы, отбасылық әдеп, жыныстық қатынас, адам организмі тағы да басқа. Өзін-өзі тану деген ұқсас сабақ бар, бірақ көбісі оған жете мән бермейді. Түпкі идеясы жақсы, бірақ шын өмірде жүзеге асырылуында кішкене ақсақтап тұр. Өмірде жетістікке жеткен адамдарды спикер ретінде көбірек шақырып, мотивация жағына көбірек мән беру керек секілді. Әр түрлі компанияда жұмыс жасайтын әр түрлі мамандық иелері жәй ғана өздерінің жұмыстары жайлы түсіндірсе, түлектерде кім боламын деген сұрақ жиі мазаламас па еді? Болашақтың мамандығы Digital cаласына аса көңіл бөлгізіп, информатика сабағын жаңа деңгейге көтеру керек.
-Заман талабына сай педагог қандай болу керек?
-Мұғалім – өзгелерді оқытудан бұрын, өзі оқудан жалықпайтын адам. Заман талабына сай педагог жаңашыл әрі үнемі ізденіс үстінде болу қажет. Карантин үйреншікті нәрсе әп-сәтте өзгеру мүмкін екендігін көрсетті. Сондықтан жаңа ғасыр педагогы ең алдымен өзгеріске бейімшіл болу керек деп ойлаймын.
-Өзіңіздің жазған эссеңіз бойынша қысқаша қорытынды жазып берсеңіз...
-Тақырып таңдау қиын болды. ғылым, математика, инженерия және технология салаларын біріктіріп, оқуды әрі тиімді, әрі түсінікті жеткізу жолында ұсыныс білдіріп және де соны қазақи бір нақышпен байланыстырғым келді.
Кішкентайымнан ауылда өстім, әжеммен құрақ көрпелер тігіп, оны біп-бірдей қылып сызып, кесуге көмектесетінмін. Сол кезде қазақтың ою-өрнегі тұнып тұрған дәлдікті қажет ететін математика екенін түсіндім. Жазған эссемде сол ою-өрнек сызу арқылы биссектриса, симметрия сынды математика терминдерін оқушыларға жетімді түсіндіріп, әрі логика, ой-өрісін арттырып, білімді қызықты , қолжетімді жеткізуге бола ма деген мәселені көтердім.
-Егер де келесі рет осындай байқауларға қатысып жатсаңыз, басқа конкурсанттарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
-Өз-өзіме кішкене сенімсіз болып, жұмысымды ең соңғы сәтте жіберген едім. Еш нәрседен сескенбей, мүмкіндікті қалт жібермеңіздер дегім келеді. Қандай нәтиже болмасын, бәрі де баға жетпес тәжірибе.
-Аталмыш жобаның келешік өміріне қандай ұсыныстар жасап, кеңес бере аласыз? Мүмкін жақсы идеяларыңыз бар шығар?
-Шыны керек, бұл жоба жайында кездейсоқ біліп қалдым. Досым инстаграмм парақшасына салып, қатысуға достарын шақырған. Кейін сайтқа кіріп, мақалаларды оқып шыққанда, бірнеше ай бойы жұмыс істеп жатқан беделді ұйым екеніне көзім жетті. Мүмкін, жарнама "promotion” көбейтіп, жоба атының кеңінен таралуына жол салу керек секілді. Беделді әртүрлі жеке оқу ұйымдарымен бірігіп, тегін бір айлық оқу деген секілді конкурстар ұйымдастырып, халықтың біртіндеп steam оқу жүйесіне деген көзқарастарын өзгертіп, моральды тұрғыда дайындау процессін бастау қажет деп ойлаймын.
-«Білім кереуені» жобасына өз жаныңыздан қандай тілек айта аласыз?
Бұндай ауқымды жобаның жүзеге асырылып жатқаны өте қуантады. Барша ұйым қызметкерлеріне алғысымды жеткізе отырып, Сіздерге тек сәттілік, шығармашылық табыс тілеймін.